Қазақ хандығына—550 жыл

ӨТКЕН МЕН БҮГІННІҢ ҮНДЕСТІГІ
Қазақ хандығына 550 жылҚазақ хандығының 550 жылдығына орай қаламызда «ХV ғасыр мен XVIII ғасырдағы қазақ хандығы» тақырыбында облыстық конференция болды. Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен өткен танымдық шараға облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының, облыстық тарихи-өлкетану және Ырғыз, Қарғалы, Мәртөк, Байғанин аудандары музейлерінің қызметкерлері және аудан әкімшілігінен, қаланың еңбек ардагерлері, аудандық мәслихат депутаттары, мекеме басшылары, білім бөлімі, мектеп директорлыры, мұғалімдір, оқушылар қатысты. Конференция бір күнге созылса да қатысушыларын еш жалықтырмады, небір ұзынсонар баяндамалар жасалса да ешкімді есінетпей, керісінше ерекше мазмұндылығымен тыңдармандарын баурап отырды. Әдеттегідей конференция қонақтары күні бойы бір жерге қамалмай, қаланың бес нүктесінде өткен осы шараның жалғасына куә болды.

ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ ТАҒЫЛЫМДЫ ТАРИХЫ
Облыстық деңгейдегі конференцияның әлқиссасы ертеңгілік қала әкімдігінің мәжіліс залында болды. Шараның шымылдығын аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Нағима Тлембаева ашып, танымдық конференцияның мақсатын түсіндіріп, жоспарын таныстырды.
—2015 жылы — Керей мен Жәнібек Шу мен Талас өзен¬дерінің арасындағы аймаққа орналасып, қазақтың туын көкке көтергеніне 550 жыл толып отырғаны баршаға аян. «Кім айтады, қазақтың тарихы жоқ деп, осы жылдар¬дың өзі үлкен тарих емес пе?! Әлде, 550 жыл тарих үшін аз ба?» – деп, Елбасы айт¬¬қандай, расында 550 жы묬дық тарихы бар қазақ халқы бақытты. Халықтың өскелең ұрпағы бақытты. Тарихымен мақтана алатын қазақ халқының дүбірлі той өткізуі де келер ұрпақтың қамы. Осыған байланысты Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «2015 жылды ұлттық тарихымызды ұлықтау, бүгінгі белестерімізді бағалау тұр¬ғы¬сынан мерейлі белес¬тер жылы деп есептеу керек», деген еді. Бүгінгі өткізілгелі тұрған шара осының бір парасы деуге толық негіз бар. Алайда 2015 жылдың еншісінде бұдан да өзге айтулы мерекелер бар екені бәрімізге белгілі. Соның бірі Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, ҚР Конституциясының —20 жылдығы. Біз бүгінгі конференцияның аясына осы мерейлі күндерді де енгізіп, оларға да тоқталып өтуді де жөн санадық, — деді музей басшысы.

Конференцияның сәске түске дейінгі бағдарламасы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналды. «Қырымның қырық батыры» жырының Ақтөбе облысымен байланысы» тақырыбында облыстық тарихи-өлкетану музейінің археология және этнография ғылыми зерттеу бөлімінің меңгерушісі Айнұр Мақсатқызы баяндама жасады. Бұдан соң «Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарихи – рашиди» еңбегіндегі қазақ хандығы» тақырыбында осы облыстық музейдің экскурсиялық бұқаралық жұмыстар бөлімінің ғылыми қызметкері Ләззат Нұркеева, «Арынғазы хан тұтынған этнографиялық бұйымдар: Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің қоры бойынша» тақырыбында облыстық музейдің археология және этнография ғылыми жұмыс бөлімінің аға ғылыми қызметкері Бекнар Есіркепов, «Қазақ хандығы — ұлт тұтастығы» тақырыбында Мәртөк аудандық тарихи өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Ұлдай Осановалар баяндамалар жасады. Арнайы орнатылған бейне ролик арқылы қаладағы №2,3,6,8, І.Үргенішбаев атындағы мектептердің және Шалқар аграрлық-техникалық колледжінің тарих пәнінің мұғалімдері мен оқушылар Қазақ хандығы тарихындағы түрлі деректерді жарыса баяндады.

Шара бұдан әрі №2 мектеп-гимназиясында «Қазақ хандығы тарихындағы Абылай хан мен Әбілқайыр хандардың рөлі» тақырыбындағы ток шоуға ұласты. Ток шоуға қала мектептерінің тарих пәнінің тәжірибелі мұғалімдері Алпысбай Мұстафин, Қуант Айтенова, Балзия Сәрсенғалиева, Артур Дүйісов және №2 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Мерейлі Қалмақановалар қатысып, қазақ тарихындағы Абылай мен Әбілқайыр хандардың ұстанған саясаты, саясаттағы ұқсастығы, тарихта оларға қалыптасқан кейбір пікірлер жайында кеңінен әңігімеледі. Оқушы Мерейлі Қалмақанова: «Тарихта өзіндік орны бар Абылай мен Әбілқайыр хандар туралы мектеп кітаптарының жазылу стилі әр түрлі. «Мектеп» пен «Атамұра» баспаларынан шыққан оқулықтарда осындай олқылықтар бар», деді.
Ток-шоуға қатысқан тарихшы ұстаздар: «Тағдыр қазақ халқын түрлі сынақтардан өткізді. Үш ғасыр тарихымызбен ар – ожданымыз табанға тапталды. Түрлі нәубетті бастан өткердік. Бірақ, мың өліп мың тірілген қазақ ақыры азаттығын алды. Ал, Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту – сол азаттық сыйлаған бабаларға деген құрмет болу керек»,—деп жастарға ақылдарын айтты.

ҰЛЫ ЖЕҢІСКЕ ЕСКЕРТКІШ ЖӘНЕ ӘСЕРЛІ «ӘКЕ ТАҒДЫРЫ»
Конференцияға қатысушылар №2 мектеп-гимназиясынан кейін №8 орта мектепке ат басын бұрды. Өйткені Елбасының «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасымен салынған зәулім мектеп ауласында оларды тағы бір үлкен шара күтіп тұрды. Ол — мектептің ата-аналар комитеті мен белгілі кәсіпкер Бердібек Шәкірбекұлының демеушілігімен қойылған биіктігі 2,5 метр, ені 90 см болатын Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған ескерткіштің ашылу рәсімі еді. Ескерткіштің ашылу рәсімінде аудан әкімінің орынбасары Елемес Шотанов:
— Биылғы Қой жылы — ел тарихына алтын әріптермен жазылатын жыл. Өйткені, осы жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының, ҚР Конституциясының 20 жылдықтары және Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы кең көлемде аталып өтілмек. Бұл өскелең ұрпақ үшін өнегелі іс болмақ. Бабалардан мирас болған ұлы мұраны қадірлеп, бабалар ерлігін кейінгі ұрпаққа насихаттау — аға буынның басты міндеті. Бүгінгі Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған жаңа ескерткіштің ашылуының өзі жастарға өнегелі тәрбиесі мол, — деп жиылғандарды қуанышты сәтпен құттықтады. Ескерткіштің лентасын Елемес Шотанов пен еңбек ардагері Қартбай Қабақбаев қиды. Ескерткіш жанына қонақтар естелік суреттерге түсіп, оқушылар патриоттық әндер шырқады. Бұдан соң мектептің акт залында Ұлы Отан соғысы кезіндегі бір отбасындағы әке тағдырын сомдаған драматург Бексұлтан Жәкиевтің «Әке тағдыры» атты пьесасы болды. Соғысқа аттанып, хабарсыз кеткен баласын үнемі іздеумен өткен ана зары, әке сағынышы көрерменнің көзіне еріксіз жас алдырды. Пьесадағы кейіпкерлерді өз деңгейінде сомдаған аталмыш мектептің ұстаздары, оқушылары көпшіліктің қошеметіне бөленді.

АТА ЗАҢДЫ АЙШЫҚТАДЫ
Конференция шеңберінде Ә.Жангелдин атындағы орта мектебінде өткен «Конституция — кемелділік кепілі» атты танымдық кеште ерекше болды. Әскери-патриоттық тәрбиеге жақын аталмыш мектептің оқушылары әскери жаттығу көріністерін жоғары деңгейде орындап, көрерменді тәнті етті. Мектеп директоры Мұхтар Оңғаров Ата Заңымыз туралы баяндап, өткізіліп отырған танымдық кештің маңыздылығын атап өтті. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразбай Әділбаев сөз сөйлеп, Конституция жайында өзінің толғамды ойларын жеткізді.
— Бүгінгі өтіп жатқан шаралардың барлығы бір бірімен үндеседі. Әр елдің өз заңы, қағидасы болады десек, біздің Ата Заңымызға биыл 20 жыл толып отыр. Осы Ата Заңымыздың қағидаттарын бұлжытпай орындау нәтижесінде біз қысқа мерзімде мызғымас мемлекетімізді орнатып, егемендігімізді тұғырлы еттік. Ендеше, Тәуелсіз мемлекетіміз биік тұғырларға өрлей берсін, — деп жастарға батасын берді ардагерлер басшысы. Осы кеш өткен ортаға салтанатты түрде мемлекеттік Ту әкелініп, Гимн орындалды.

ҰЛТ ТАТУЛЫҒЫ ДӘРІПТЕЛДІ
Аудандық Мәдениет үйінде конференцияның қорытындысы ретінде аудандық Оқушылар сарайының ұйымдастыруымен гала концерт өтті. Онда аудан әкімі Ербол Данағұлов құттықтау сөз сөйлеп, осындай мәні зор үлкен шара ұйымдастырған азаматтарға алғысын білдіріп, Қазақ хандығының тарихына қысқаша тоқталды. Шараның өтуіне атсалысып ұлттық құндылықтармыздың, өлке тарихын халыққа, жас ұрпаққа таныстырып, насихаттайтын істерге елеулі үлес қосқаны үшін қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Қалыбаевқа, аудандық көркем-сурет лицейінің директоры Дәулетжан Төлеубаевқа, аудандық Оқушылар сарайының директоры Жанар Сейтмағанбетоваға, № 8 орта мектеп директоры Жаңабай Мусинге өз атынан Алғыс хаттар табыстады. Осы мәтіндес марапаттар бірқатар азаматтарға облыстық ішкі саясат басқармасы, облыстық тарихи өлкетану музейі, ауданның білім бөлімі, аудандық тарихи өлкетану музейі тараптарынан берілді.
Концерт барысында ұлтаралық татулықтың нышаны ретінде әр ұлттың билері биленіп, қазақтың үш биінің батасы сахналық қойылым ретінде көрсетілді. Қорытындысында конференцияны ұйымдастырған аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Нағима Тлембаева сөз сөйлеп, шараның өтуіне атсалысқан азаматтарға алғысын білдірді.