Музей – мемлекет тарихы

Тоқсан тамырлы тарихы мен дамылсыз даму шежіресі бар күллі текті ата-бабалар аруақтарының қаһары мен берекелі құты дарығын Шалқар өлкесі – тарихы тереңнен басталатын қасиетті де киелі өлке. Сонау бағзы замандардан бері қарайғы тарихымыздың терең тұңғиығына бойласақ, арғы ата-бабаларымыз жүріп өткен, күресіп өткен жолдарына зер салып, ертеңгі болашақ ұрпақтарымыз адаспай, сүрінбей, жаңылмай жөн тауып өмір кешуіне бағыт-бағдар сілтеп, тағдырын болжау үшін де, ілгері дамуды ойлау үшін де әрдайым өткенге мойын бұрып, есте сақтауға музей керек. Барымызды жарқыратып тек өз ел-жұртымызға ғана емес, сонымен бірге барша халқымызға паш етер жауқазындай жәдігерлерімізді мақтан ете жүргіміз келеді.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіхалықованың 30 қазан 2015 жылғы №7 өкімімен бекітілген «Қазақстан Республикасы музейлерінің жұмысын жаңғырту жөніндегі 2015-2017 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын» орындау мақсатында «Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейі» үстіміздегі 2016 жыл басынан былайғы уақытта атқарылар өз жұмыс жоспарын құрған болатын. Бүгінгі таңда осы жоспарға сәйкес музейде бірнеше іс-шаралар ұйымдастырып өткізілді. Сондай-ақ, музей директорының бастамасымен музей жанынан «Тарих-Халық зердесі» атты ғылыми кеңес құрылды. Бұл ғылыми кеңестің мақсаты: музей ісін одан әрі дамытуға бағытталған ғылыми әдістемелік бағыт-бағдар, ұсыныс, кеңестер беру және туған өлке тарихын кеңінен насихаттау, зерттеу, тарихи-мәдени мұраны қалың бұқараға танымал етуге бағытталған бірлескен жобаларды іске асыру және соларға байланысты тың, жаңа іс-шаралар ұйымдастыру болып табылады.
Ғылыми кеңес құрамында 13 адам бар. Олар білім саласы қызметкерлері, ардагер ұстаздар, музей қызметкерлері. Ғылыми кеңес төрайымы болып, музей директоры Н.Ш.Тлембаева бекітілді. Аталмыш кеңес жұмыс жоспары аясында бірнеше отырыстар өткізді. Еліміздің өркендеуіне және нығаюына өмірі мен қызметін арнаған көрнекті тарихи тұлғаларды насихаттау, ел тарихына, өткеніне және мұрасына құрметпен қарауға тәрбиелеу мақсатында «Бабадан мұра болған жәдігер» атты шара өткізілді. Шараға Қаражігіт Бектауұлының шөпшегі Болатбек Қаражанұлы, ғылыми кеңес мүшелері, музей қызметкерлері қатысты. Кездесуді ғылыми кеңес төрайымы Тлембаева Нағима Шенекуловна сөз сөйлеп ашты.
Өз кезегінде сөз алған кездесудің қонағы Болатбек арғы бабасы Қаражігіт Бектауұлы жайында және оның сол заманнан күні бүгінге дейін өз қолында мұқият сақталып келе жатқан мөрі жайында әңгімелеп берді. Ұрпағының айтуынша бабасы кезінде Арал, Құланды маңында көшіп-қонып өмір сүрген көрінеді. Ал мөр болса бабадан бері қарай бірден-бірге аман өтіп, аманат етіліп өз әкесі Қаражан өмірінше сақтап,әке аманатын баласына қалдырған. Осы мөр үшін қиын-қыстаулы, аумалы-төкпелі замандарда аталары көп қиындық, зәбір, тергеу, қамау көргенін айтады. Енді кейінгі ұрпақтары үшін аса құнды мұра екендігін тілге тиек етті.

Қаражігіт Бектауұлы 1752 жылы Ұлы құмның бір бөлігі Маяқұм деген жерде дүниеге келген. Халық зердесіндегі әңгімелерге қарағанда 1762-1768 жылдары Шалқар өңірінде белгілі Қазақай Ахун діни мектебінде оқып сауатын ашады, оқу, жазуды меңгереді. Одан соң Бұқар медресесін бітіріп, еліне оралады. Сол жылы Тәңірберген ауылында діни мектеп ашып, бала оқытады. 1776 жылы Орынбор генерал-губернаторының шешімімен Әлім Дуанның хатшы-іскері болады, әрі бала оқыту ісін одан әрі жалғастырады. 1777-1780 жылдары Қазан қаласына барып, ондағы 47 адамдық муфтиліктің құрамына енген. Ол кіші жүзден Бұқар медресесін бітірген және Қазан муфтилігінің құрамына енген бірінші діни қайраткер. 1788 жылы 22 қыркүйекте Рессей патшасы ІІ-Екатеринаның жарлығымен Орынбор муфтилігі құрамында Қаражігіт Бектауұлы Мұханбетжан Құсайыновтан кейінгі муфтилік дәрежеге бекітілді. Бірақ Сырым Датұлы қозғалысына қатысқаны үшін оны муфтиліктен босатады. Ол сонда: «Мен Алла жолына шынайы берілген адаммын. Халық деген – Алланың бір аты. Сырым – Халық оғлы» — деген екен. Сөйтіп ол халықты Сырым жағына шығуға шақырады. Кейін кіші жүз, орта жүздің (389) адам игі жақсыларымен бірге І-Александр патшаға Арынғазыны айдаудан босату туралы хат жолдаған.
Ал бетінде мөрі бар жүзікті 1796 жылы Орынбор шекара комиссиясы жасатып Қаражігітке табыс еткен. Ол кезде Қаражігіт Әлім Дуанның дуанбасы болған. 210 жылдық жүзік Қаражігіттен өз баласы Нығыметке, одан баласы Қадырқұлға, оның баласы Дәулетке, одан баласы Қаражанға ауысып біздің заманымызға жеткен. Қаражігіт Бектауұлы – заманының ойшылы, заңгері, саясаткер, мәмлегер тұлға — деп жоғарыда музей ғылыми кеңес мүшелерінің – білімдар, ержүрек, батыл қайраткер — деген пікірлерін одан әрі жан-жақты екендігін толықтыра түскен және бабаға – деген әділ баға – деп түсінеміз.