Тарихи тұлғалар және ұлттық-архитектуралық ескерткіштер туралы насихаттау арқылы отансүйгіш болуға бағыттау мақсатында ғылыми кеңес мүшелері Тоқпан тамына экспедицияға барды.
Туған жердің тарихын білу адамзаттың басты міндеті. Сол арқылы онда орын тепкен тарихи ескерткіштерді, сол туралы аңыз әңгімелерді біліп, сырына қанық болған ұрпақ ғана өткенді бүгінге, бүгінді ертеңге жалғай алатын бірден-бір көпір іспетті.
Шалқар жері табиғаты, тарихы бай өлке. Шежіресі мол өлкеде орын тепкен әрбір ескерткіштің өзіндік тарихы, өзіндік ашылмаған құпияға толы сыры бар. Аудан маңындағы тарихи жерлерді көзбен көріп, қызметкерлеріне таныстыруды міндетім деп есептейтін музей басшысы Н.Тлембаеваның бастамасымен Жаңа қоныс өңіріне экспедициялық сапар ұйымдастырылды. Басты мақсат: тарихи ескерткішті көзбен көріп, туған жердің тарихының сырын одан әрі тереңірек түсіну. Аудандық мәдениет бөлімінің, Жаңа қоныс әкімінің қолдауымен жолға шыққан көлік тура жолмен дәттеген жерге бір сағатта жетті.
Жаңа қоныс ауылының солтүстік батысында 25 шақырым жерде орналасқан Тоқпан тамы алыстан көзге түседі. Өйткені ен далада жалғыз орналасқан ескерткіш мен мұндалап тұрғандай. Мазар күйдірілген кірпіштен қаланған,маңдайшасын шикі кірпіш араластырып өрген. Күмбездің мүрде жататын батыс іргесіне өмірбаяндық бағыштау сөздері жазылған құлыптас қойылған.Тоқпан тамына барған экспедицияда ғылыми кеңес мүшесі, қарт журналист Сембай Карин ақсақал бақилық жандарға құран бағыштады.Содан соң музейдің экскурсия жүргізушісі Г.Сейлова Тоқпан Тамы туралы тарихи деректерге тоқталды.
Әзберген мен Тоқпан
Әзбергенге қатысты тарихи деректер ел аузында көркем өңделіп, тарихи аңызға көшкен. Сондай халық әдебиетінің бір үлгісі Тоқпанға қатысты. Тоқпанның ата-тегін әріден бастасақ, сөз көбейіп кетер, беріден қайтарайық. Тоқпан Есет батырдың әкесі Көтібар батырмен бірге туған. КСРО Сәулет академиясының корреспондент-мүшесі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлеу Бәсенов пен Социалистік Еңбек Ері, Зырьяновск қорғасын-мырыш комбинатының негізін қалаушы Нәби Жақсыбаев Тоқпанның тікелей ұрпақтары.
Тоқпанның бейіті Ақтөбе облысының Шалқар ауданындағы Жомарт көлінің оңтүстік бетінде, ел «Тоқпан тамы» атап кеткен. Тоқпан тамы-ұлттық-архитектуралық ескерткіш, Қазақстан Республикасы тарихи ескерткіштерді қорғау қоғамының тізіміне енген. Үш-төрт мыңдай жылқы тіткен Тоқпан қыста Ұлы Борсық құмына қыстап, жазда Жамантау асып, Ойыл-Қиыл бойларын жайлаған. Оның атымен аталатын қазіргі Алға ауданында «Тоқпансай» деген жер бар, Шалқар ауданында «Тоқпан көлі» дейтін көл бар.
Тоқпан көп жасапты. Батырлық Есетке дарып, дәулет Тоқпанға бітіпті. Тоқпан найза өңгеріп, жауға шаппапты, қорамсақ байланып, садақ тартпапты, «малға да бір адам керек қой» деп, соған ие болыпты. Батыр Есет, мырза Есет Тоқпан ағасынан малды топтап айдап әкеліп, керегіне жарата беріпті. Бірде шектен шығыңқырап кетсе керек. Сонда ашуланған Тоқпан, үстіне сауыт киіп, Тортөбелге мініп (Тортөбел айтулы тұлпар екен), көк сүңгіні қолға алыпты дейді. Айқай-сүрең сап, тал түсте Есеттің ауылына тиіпті. Бауын кесіп, түндіктерін сыпырыпты, желіні қиып, малын босатыпты, қанша айтқанмен батырдың тұқымы емес пе, қартаң тартқанына қарамастан ат көтіне сүйретіп екі-үш қараша үйді де аударып тастапты. Ауыл азан-қазан, у-шу қатындар ойбайлап, бала жылаған.
Қаһарына мінген Тоқаң: «Есет деген батырсымақтарың қайда, шықсын бері! О непенің әуселесін көрейік!»-деп ақырады. Мұны естіген Есет тығылып қалады. Жасы үлкендер қаумалап: «Тоқа! Тоқа!» десіп зорға тоқтатады. Сонда: «Ау, бұның қалай?» дегендерге Тоқпан: «Есепсіз мал шашу кез келген ездің қолынан келеді. Есет мүмкін мал таптым дейтін шығар, ол тапса мен бақтым, мал табу оңай, бағу-қиямет, шашу-қиянат. Батырмын, ел шаптым дейтін шығар, ел шабу деген міне, осы, бұдан жеңіл ештеңе жоқ» депті. Тоқпан бай Тортөбелді көзінен таса қылдырмай, ыссыда өз алдына жеке үй тіктіріп, күзет қойдырып бағады екен.
Қызығушылар қисапсыз көп болыпты, адам баласын атына жолатпапты. Сол тұлпарға алты-он жеті жастағы қабылан Әзберген батырдың зейіні кетеді ғой. Ер қанаты-ат, сырт жер, дұшпан көз Хиуаға Тортөбелді мініп барғысы келеді. Оның үстіне мінезі қисық. Теріс ыңғайын байқап, сұрауға батпайды. Не істерге білмей дағдарады. Әрі ойлап, бері ойлап, ойшыл бозбала бір үмітке кіреді. Тоқпанның кіші әйелімен сөйлеседі, солай да солай Тортөбел керек. Түбегейлі емес, Хиуаға мініп барып келуге. «Қысылтаяңда қатын ақыл табады» деген сөз бар еді, жеңешеке жолын айт деп жармасады. Қиылып қоймайды. Текті жердің қызы есті келеді, жалындап тұрған батыр қайнысының көңілін қимай: «Ағаңның талма түсте көлге түсетіні бар еді, сол кезде сұрап көр»,-дейді. Одан әрі ештеңе айтпайды.
Содан Әзберген батыр Тоқпанның көлге түсуін аңдиды. Бір күн өтеді, екі күн өтеді, үшінші күн дегенде, тал түсте, жұрттың бәрі көлеңке астына үйге тығылған сәтте Тоқпан жалғыз өзі аяңдап көлге тартады. Белден кешіп бетін, үсті-басын шаяды. Рахаттанып көл ішінде аунап-қунайды. Ештеңе аңғара алмаған Әзберген дал болады. Тоқпан біраздан соң ешкім жоқ па екен дегендей, жан-жағын барлайды. Барлайды да төбетейін шешіп, шапшаң қимылдап басын суға батырып алады. Әне, сонда қыран көзді Әзберегн ағасының басындағы оймақтай тазды аңдап қалады. Ол заманда адамның таздығы үлкен мінге есептелген. Тығылып жатқан жерінен қарғып тұрып, бес-алты ырғып, «Ассалаумағалейкум, аға!» деп қасына жетіп барады. Тоқпан тегін бе: (тегін болса, атағы осы уақытқа дейін сақтала ма?) «Әй, бар болғыр», Мұңайтбастың қу жалғызы-ай, ылғи да жүрмес жерде жүресің-ау. Тортөбелді сұрап келдің ғой. Міне ғой,-депті. Сосын айтыпты: «Жақсы жігіт көрген-білгеннін көрінген адамға айтпас болар» деп. Тоқпан ағасының өзінен басқа ешкімнің тақымы тимеген тұлпарын Әзберген батыр осылайша қолына түсірген екен.