Get Adobe Flash player

.

Экспедициялар

Сырлы Сынтасқа саяхат

«Көненің көзіндей, тарихтың өзіндей болған жәдігерлерді жинақтап жүйелеу, оларды келешекке сақтап жеткізу, өзге жұртқа барымызды көрсетіп, насихаттау музейдің абыройлы міндеттерінің бірі.» Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев

Өзінің өткенін, тарихын зерттеу арқылы тарихи сана, одан кейін ұлттық сана қалыптасады. Батыр бабаларымыздың жетістіктерін зерттеп, тарихтың терең сырларын ұғып, халық игілігіне беру, келешек ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеудің бағыттаушы рөлі болады деп білемін. Ата-бабаларымыздың бізге қалдырып, мұра етіп кеткен осындай рухани және материалдық байлығын сақтап қалу, келешек ұрпаққа өз қалпында жеткізу сіздер мен біздерге аманат етіліп отырғанда, оны абыройлы да, саналы түрде атқарып шығу кең байтақ жер мен тарихи-мәдени мұраларды, таңғажайып аңыз әңгімелері мен табиғаттың мол байлығын қалдырған ата-бабаларымызға көрсеткен құрметіміз болады.

Алғаш рет 1984 жылы - Ескерткіштер мен тарихи орындардың халықаралық күні
атап өтілді. 1983 жылы ЮНЕСКО жанынан құрылған Халықаралық ескерткіштер мен көрнекті орындарды қорғау мәселелері жөніндегі кеңес ассамблеясы осынау атаулы күнді бекіткен болатын. Бүгінгі таңда осы ұйымның қатарында әлемнің 175 мемлекеті бар. Қазақстанда ұлттық құндылық болып табылатын 25 мыңнан астам тарихи-мәдени ескерткіш бар. Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғаудың маңыздылығы жайында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз «Қай халықтың болса да рухани әлеміне саяхат оның көне ескерткіштерімен, тарихи орындарынан танысудан басталатыны мәлім» дегендей қасиетті жұма күнінде Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейі жанынан құрылған экспедиция жұмыс жоспары бойынша Алағозы өңірінде орналасқан «Сырлы Сынтас» ескерткішіне сапар шекті. Айта кетейік, «Сырлы Сынтасқа саяхат» деп аталатын экспедицияны ұйымдастырған музей басшысы Нағима Тлембаева. Іс-шараның мақсаты мәдени ескерткіштер мен киелі орындарды қорғау мен сақтауға шақыру болып табылады. Сонымен қатар, жастардың бойында елімізге, жерімізге, мәдениетімізге деген ұлтжандылық сезімін күшейту, тарихи орындармен тереңрек таныстыру мақсаты бар. Тарихи заттарды сөйлете білу, оның тарихи тереңіне үңілу – үлкен нәрсе. Бұл «Сырлы Сынтас» ескерткішіне бару үшін Қорғантұз орта мектебінің қызметкері Жетес Бақтыбаев жол көрсетіп діттеген жерімізге жетуге зор көмегін тигізді. Жаз айы күн де мейірімін аямай төгетін шақ, табиғат ана осындай шуағын төгіп, желсіз тып-тынық күні . «Өлі разы болмай, тірі байымас» дегендей Ұлықұмның бойындағы ел намысы үшін атқа қонып жауға шапқан батыр бабалар Есет -Дәрібай кесенесінің басына зиярат жасап шырақшымен кездесіп, бабалар рухына құран бағыштадық. Экспедиция жұмысы бойынша жалғасын тауып Айшуақ елді мекеніне келіп жетті. Сол жерде ауыл тұрғыны Кәдірбек Қалмұратұлы атамызбен кездесіп «Сынтас» туралы аңыз әңгімені тыңдадық. Ол былай өрбиді: Кергебай бай қызы Қырмызыны ұзатады және оның еншісін беру үшін бар жасауын дайындағаннан кейін. Қырмызы келіп «Босағам борлаусыз, керегем керусіз» - дейді. Яғни өзі мініп жүретін ақ жалды шұбыртпа құйрық күрең еншіге кірмей қалғанына ренжиді. Әкесінің бұл қаталдығына реніш білдірген қыз батаның аяқталуына қарамай , далаға шығып кетеді. Қатал әке жалғыз қызына теріс бата береді.
«Сым қарағай , сынтас бол»! – деп қолын жайып бата қайырады. Әке қаталдығына ренжіген қыз басқа атқа мінбей , еншіге бөлінген малдың және жиһаз артылған көш-керуеннің соңынан ере береді. Күзгі мұздақты түнде әке қарғысына ұшыраған қыз сынтас болып қалыпты-мыс. Енді өз көзімізбен көрген «Сырлы Сынтас» қандай десек жазық далада Кәдірбек ақсақал айтқан қыз көшінің сұлабасын мүсіндей орналасқан ескерткішті көрдік. Ескерткішті суретке түсіріп, таңғажайып кескіне тамашалай қарап мол әсер алғандай болдық. Дегенмен, әттеген тұсы ғажайып ескеркіш бүгінде жел-құздың әсерінен мүжіліп, жыл сайын аласарып барады екен.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Өркениетті ұлт әуелі тарихымен, мәдениеті мен ұлтын ұлықтаған тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлесімен мақтанады» - деп айтқандай тарихтың қайталанбас ескерткіштерін сақтау – бүгінгі ұрпақтың парызы. Ал, бүгінгі таңда жыр-дастандарды, аңыз әңгімелерді келешек ұрпаққа жеткізіп берер көнекөз қариялар азайып бара жатыр. Сондықтан бұл мәселеге назар аударып, туған өлкеміздің аймағында орналасқан тарихи ескерткіштерді сақтап, қорғау, құнды мұраларды жинақтау үшін іс-шаралар жоспарлануда және жер-су аттарын зерттеу мақсатында «Алағозы», «Ұлпан» т.б. жерлерге экспедицияға шығу жоспарлануда.
Бұл тарихи-мәдени мұралар көне тарихтың куәсі, өткенімізден сыр шетіп, бүгінгі күнге дейін сақталынып жетіп отырған ескерткіштерді қорғау мен құнды мұраларымызды сақтау, оларды насихаттау әрбір азаматтың еліне, туған жеріне деген жанашырлығы, мәдени мұраларға деген қамқорлығы болмақ.


Алғы сөз

Сайтқа кіру/Тіркелу

Соңғы енгізілгендер

Малый бизнес, создание бизнеса, бизнес идеи