Get Adobe Flash player

.

Экспедициялар

Туған жер жұмбағы – Алақозы

Табиғат адам бойына қуат, көңіліне шабыт, сезіміне ләззат шапағатын ұялататын ғаламат әлем. Қараша айы.... Жайма шуақ жаз кетіп, ызғарын алып күз келді. Бірақ табиғат ана шуағын шашып адам жанына жылулық сыйлап тұрғандай, Күн тас төбеден сәулесін мейлінше жер бетіне төгіп, мал біткен емін-еркін жайылып жүр. Тыныштық... құдды бір жаз айы секілді. Осы жадыраған күнде музей жанынан құрылған экспедиция Ұлы Борсық құмының оңтүстік-шығысы атырабында орын тепкен Алақозы тауына бет алды.Мақсат–жер-су аттары, шығу тарихымен жас ұрпақты тарихи құндылықтарымызбен таныстыру, тарихи ескерткіштеріміз - мәдени мұраларымызды қастерлеп сақтауға, құрметтеуге шақыру.  Бұл орайда ғалым Қаныш Сәтбаевтың «Туған жердің қара тасын мақтан ете білмеген азамат бөгде елдің алтын тасын да мақтап жарытпақ емес» деген сөзі еске оралады. Ендеше жерім деген перзент өлке тарихына немқұрайлы қарамайды.

Экспедицияға жетекшілік жасап, тарихи жерлермен танысуға мұрындық болған сондай перзенттердің бірі, тарих жанашыры музей директоры Нағима Тлембаева. Экспедиция құрамында ағайынды Болатбай, Жетес Бақтыбаевтар және музей қызметкерлері бар. Жері құмақ, мал өсіруге қолайлы, шөбі шүйгін, әр шөптің алуан түрі өсетін Алақозы тауына де келіп жеттік.  Экспедиция мүшелерінің кездесуі тарихи орын - Алақозы тауында өтті.Кешегі Кеңес үкіметі тұсында «Алақозы» колхозы кейін Сарбұлақ совхозының №4 фермасы болып, мыңғырған төрт түлік мал бағып, мектебінен талай шәкірт білім алып, айрандай ұйып отырған ауылдан қалаға  халық үдере  көшкен кезде мектеп жабылып қалған. Дегенмен туған жерін қимай, азын-аулақ мал басын жоғалтпай ата жұртын тастамаған он үш отбасының тіршілігі жалғасын табуда. Сондай отбасының бірі қазыналы қарты бар Болатбайдың  жанұясы. Бала кезінде өлке тарихы туралы естіп білгенін жадында сақтай білген Болатбай небір аңыз әңгімелерді айтып берді.
    Алақозы  аталу  себебін, қарттар  былай  түсіндірген екен. Ықылым  заманда  ел  жайлауға  көшкенде  бір  ала  қозы  елдің  жұртында  қалып  қойса  керек. Сол  қозы  күнде  кешкісін  келіп  бір  құм  төбеге  жаз  бойы  түнеп  жүреді  екен. Қозының  жауырыны  тиген  жер  осы  жер  тауға  айналады.  Тау  сол  қозының  атымен  Алақозы  аталып  кеткен. Демек, Алақозы  аталу  сыры  осы  бір  оқиғаға  қатысты  болса  керек. Алақозы  маңында ірі ұсақты бірнеше қырлар орналасқан олар Түйебай, Мәзім, Балақозы, Дамбар қырлары. Жалпы табиғаты тамаша, кең жазиралы жайлау. Алақозының  шұрайлы  жерінде бұлақ,  көміліп қалған құдық та бар екен. Ол бұлақтың атауы «Жыланбас» бұлағы деп аталады. Және бір әңгімесінде атасы Убайдулла «Құлмұрат» атты шың бар, оған барушы болма онда ордалы жылан бар, - дейді екен. Бірақ көзіммен көргенім жоқ деп тоқтатты әңгімесін. Болатбай кең даланың төсінде мал бағып, қыр басына шыққанда туындаған «Алақозы» атты өлеңін үлкен толғаныспен мақтаныш сезімдегі көңіл күйде оқып берді. Бір күн экспедиция жұмысына Алақозы өңірінің ашылмаған сыры мен жұмбағы үшін аздық еткендей Көзбен көріп тарихын тыңдаған жанның қызушылығын арттырғаны соншалық, бір мезгіл сиқырлы әлемде жүргендей даланың таза саф ауасымен демалып, тау басынан жиналған тас, бөктерінен алынған құм сағыз, шағыр, жантақ секілді шөптерді және жол жиегінен айқұлақ тастар жинаған қызметкерлер қалаға көтеріңкі көңілмен оралды. «Мың естігеннен бір көрген артық»-деп Абай атамыз айтқандай көзбен көріп, қолыңа ұстағанға не жетсін!
Алақозы сырға толы құтты мекен,
Ата-бабам сар даланы мекен еткен.
Табиғаты тамаша, жомарт жандар,
Мал бағып, шаруаны кәсіп еткен.
Сапар экспедиция мүшелері үшін сәтті болды. Олай дейтініміз, Алақозыдан 60 шақырым жерде табиғаты тамаша «Мазарлы» шыңы бар екенін білді және келесі жылдың жоспарына экспедиция ұйымдастыру енгізілетін болды. Қайтар сапарымызда ауыл тұрғыны 94 жастағы  Әбдірахман атаның шаңырағында болдық,  қария батасын беріп, сәттілік тіледі.


Алғы сөз

Сайтқа кіру/Тіркелу

Соңғы енгізілгендер

Малый бизнес, создание бизнеса, бизнес идеи